ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУДЕ МҰҒАЛІМДЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУДЕ МҰҒАЛІМДЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
Иманов Қанат Мылтықбайұлы,
мектеп директоры
№32 орта мектеп, Тараз қаласы
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің кезекті бір халыққа ұсынылған Жолдауында халқымыздың алдына "ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты, мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеу керек", - деп жауапты міндет жүктеді.
Қазақ халқының "Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады" деген аталы сөзі бар. Олай болса, оқушы жастарымыздың білімді, саналы болып шығуы үшін мектеп пен мұғалімдер ұжымына үлкен міндет жүктелері анық. Білім мен тәрбие беру - қиын да қастерлі еңбек. Бұл жолда мұғалімдер талмай, тынымсыз еңбектеніп, шығармашылық ізденуді, үйренуді асыл мұратына, биік парызына айналдырғанда ғана жете алатыны сөзсіз. Шебер мұғалімдер ғана зеректік пен зерделікті сомдап рухани құндылықтарды, өз мамандығын терең меңгеріп, тәрбие жұмысын ұйымдастыруға қабілетті, мәдениетті, өнегелі, заман талабын қанағаттандыра алатын жағдайда ғана халқының сеніміне ие болып "ұстаз - мұғалім" дәрежесіне көтеріле алады.
Мұғалім қызметінің табысты болуы, оның оқу және тәрбие жұмысының мақсаттары мен міндеттерін жете түсінуге байланысты. Мұғалім оқушыларға саналы тәрбие жан-жақты білім береді, олардың көзқарасын қалыптастырады, дүниетанымын дамытады, еңбек пен қоғамға деген сүйіспеншілігі мен ынтасын тәрбиелейді. Мұғалім оқушылардың жылдан-жылға өсіп отыратын талаптарын, қанағаттандырып отыру үшін, өмірде болып жатқан түрлі құбылыстарға жаңалықтарға, өзгерістерге құлақ асып, өмірмен бірге аяғын алып жүретін адам болуға тиіс.
Сондықтан мұғалім жоғарғы оқу орнынан алған білім көлемімен шектеліп қалуға болмайды.
Мұғалімнің кәсіби мамандығына қойылатын негізгі талаптар:
- қоғамның алдыңғы қатарлы идеяларын игеру;
- жан-жақты білімдарлық өмірдің әртүрлі саласынан хабардар болу;
- педагогикалық байланысты пәндерден - психологияны, анатомия, мектеп гигиенасын, мектеп тану пәнін жақсы білу керек.
- оқытатын пәнін, соған байланысты ғылымдарды, олардың жетістіктерін, ағымын жақсы білу керек.
- жұмысына шығармашылық көзқарас;
- баланы жете білу, олардың жан дүниесін түсіну, педагогикалық сенім, оптимизм;
- педагогтік техниканы меңгеру, қисынды, мәнерлі сөйлеу;
- педагогтік әдептілік тактіні меңгеру:
- балаға деген сүйіспеншілік пен әділдік.
Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуде.
Қазіргі таңда қазақ тілі - мемлекеттік тіл, қарым-қатынас тілі - орыс тілі және ағылшын тілі - әлемдік кеңістікті тану тілін оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану - заман талабы болып отыр. Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологиялары меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы - заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама.
Мұғалім оқушылар үшін қандай да бір пән бойынша білім беретін адам ғана емес, сондай-ақ олардың оқудағы еңбегін қызықты, тиімді ұйыдастыра алатын, оларға үлгі болатын ерекше тұлға болуы керек. Жаңа заман мұғалімінен күнделікті оқушылармен қарым-қатынас барысында әрбір жағдаят үстінде ерекше білім деңгейін көрсетуді және шығармашыл шешім қабылдай алуын талап етіп отыр. Оны қанағаттандыру үшін қазіргі заманның мұғалімі жаашыл, икемді, өзгерісті тез қабылдай алатын, жан-жақты, жаңа педагогикалық инновацияны меңгерген болуы керек.
Білім мазмұнын жаңарту тікелей шығармашылық ізденістегі мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. "Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне қолғабыс, сүйеніш есебінде қолдануы керек",- деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сай болуы керек. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді.
Қазіргі таңда пәнді жақсы, терең білетін, күнделікті сабақтағы тақырыпы толық қамтитын, оны оқушыға жеткізе алатын, әр түрлі деңгейдегі тапсырмаларды білу іскерлігі, оқытудың дәстүрлі және ғылыми жетілдірілген әдіс-амалдарын, құралдарын еркін меңгеретін, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыра отырып дарындылығын дамытудағы іздену-зерттеу бағытындағы тапсырмалар жүйесін ұсыну өмір талабы.
Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Негізінен жаңартылған білім жүйесі құзіреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы - оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу. Жаңа білім беру бағдарламасы сыни тұрғыдан ойлауға, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиясы) үйретеді.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі. бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериялық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағала және жиынтық бағалау. Бұл бағалау түрлері баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады.
Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін аяқтаған оқшының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі.
Кіріктірілген білім беру бағдарламасында қазақ тілі пәнінің берілу жайы да өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында "Шиыршық әдісімен" орналастырылған және бір-бірімен тығыз байланысты. Яғни жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түседі.
Қорыта айтқанда, жаңа бағдарламаның мәні, баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек.Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі "Өмірмен байланыс" ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттеледі. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп. Жаңартылған білім - болашақтың кепілі.