ҰЛЫ ЖҮЗДІҢ ДУЛАТ ТАЙПАСЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ
ҰЛЫ ЖҮЗДІҢ ДУЛАТ
ТАЙПАСЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ
Иманов Қанат Мылтықбайұлы,
мектеп директоры
№32 орта мектеп, Тараз
қаласы
Дулаттардың (дуглат, дулу) шығу тектері үйсіндерден бастауын алады. Алғашқы рет олар туралы б.з.б. І ғ. Хухань – шу жылнамасында айтылғаны кездеседі[9]. Қытай жазбаларында «Дулу» атымен белгілі болса, парсы деректеріндегі «Дуғлат» қазақ халқының этникалық құрамына енетін ежелгі түрік тайпасы. Н. Бичуриннің мәліметі бойынша, Дулаттар біздің дәуірімізге дейінгі II ғасырда үйсіндер сияқты Алтайдың шығысына таман өмір сүрді. Тіпті, Дулу тайпасы Үйсін Одағының құрамына енген. Белгілі орыс шығыстанушысы Н. Аристов Дулу тайпасы біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген, өйткені оның бір құрамы біздің дәуіріміздің II ғасырында ғұндармен бірге Қытайдан шығып, Қазақ даласын басып өтіп, батысқа қарай қозғалды деп есептейді. Дулу тайпасының көсемдері Дунайдың арғы бетінде Болгар патшалығын құруға септігін тигізеді. Одан әрі Н. Аристов біздің дәуіріміздің V ғасырында Батыс Монғолия, Қазақстан, Алтай мен Тянь-Шань аралығында қалған Дулудың бөлігі қытай деректерінде Тулу атымен белгілі дейді. VII ғасырда көшпелілердің Батыс түрік ханына бағынатын бұл өлкедегі бес аймақ дулу аймағы деп аталып, түрік тайпаларының арасында алдымен ауызға алынады[1]. Орхон жазуларында конфедерацияға кірген тайпалар «он-оқ» деген жалпы атауға біріктірілген, ол он тайпаны білдіреді, бесеуі Дулу (дулаттар) деп аталса, бесеуі Нушиби. Тайпалар бірлестігінің аралығындағы шекерада Шу өзені болды. Дулу тайпалары шығыстық деп аталады да, Іле, Шу өзендері арасындағы кеңістікті алып жатты.Бұл орайда мынадай жай қызықты болып көрінеді: «Қытайлар VII ғасырда Тянь-Шань мен Алтай арасын мекендеген рулар: чу-юе, чу-ми, чу-мигунь, чу-бань және басқалардың атын сақтап қалды. Бәлкім, бұл Шу тобын айрықша Дулу негізінде Юсбани тұрғындары құрайтын шығар. Қалай болғанда да, олар шу-мигунь, шұныш-шубань болып кездесетін Дулу аймагына енді. Бұл атаудан Дулаттың қазіргі Жаныс руын білуге болады, ал чу-бунь қазақтар қатты қастерлейтін аталар: Албан мен Суандар Шу руынан шығып, бәлкім, Дулу аймағы құрамында чу-баиь болып өрістеген болар». А.Бернштам V ғасырда Жетісуда билік құрған ру Жетісуға біздің дәуіріміздегі 1 ғасырда келген солтүстік ғұндардың ұрпағы Юлбан болды деп жазды. Бұл ру (юлбан) біздің дәуіріміздегі VI ғасырда «Чубань» әтнонимімен Дулу қауымдастығына енген болатын[12]. Қазан университетінің профессоры, шығыстанушы Н. Катанов та VIII ғасырда Оңтүстік Монғолия мен Тарбағатайды мекендеген дулаттар қазіргі дулаттардың ата-бабасы болып есептеледі деп тұжырымдайды[13].Қытай деректеріне сүйенген В. Востров та осы пікірді қолдайды. Дулаттардың этникалық байланысы жөнінде басқа да көзқарастар болды. Мәселен, Ш. Уәлиханов Рашид ад-Диннің шежіресіне сүйеніп, Дулат, Суан мен Үйсіндерді монғол рулары деп есептеуге бейім тұрады. Академик В. Бартольд та қазіргі қазақ дулаттары монғолдан шықты деп қате тұжырымдайды. С. Аманжолов дулаттардың түрік тектес екеніне имандай ұйып: «Рашид ад-Дин өз еңбегін XIV ғасырда жазды, ол кезде Моғолстанға тұтқын болып түскен әр түрлі түрік тайпалары, соның ішінде азын-аулақ дулаттар да біршама монғолданып (монғолша доколаттар) кеткен болатын», деп түйіндейді. Рашид ад-Дин де Орта Азияның Дулат руы монғол доколаттарынан шықты демейді, керісінше ол әлгілерді түрік деп есептейді[11]. Одан әрі С. Аманжолов В. Бартольдке қарсы шығып, егер VIII ғасырда Дулу немесе Тулу руы Жетісу төңірегін жайлаған чу-бандармен (қазіргі суандармен) одақтаса бірге өмір сүрсе, онда дулаттарды монғолдардан тарады деудің өзі теріске саяды, ал Н. Аристовтың түрік тектес деген дәлелі салмақты болып көрінеді. Оның үстіне дулаттардың Жетісу маңайында тұрып келгенінің ізі қазіргі күнге дейін сайрап жатыр. Мәселен, XII ғасырларда олар Қараханидтер мемлекетінің құрамына кірді.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» («Хақ жолдағылар тарихы») кітабында былай деген: «Шағатай ұлысында Дулат руының өкілдері «тархан» аталып, «Маңлай-сүбе» жерін (яғни Қашқария мен Жетісуды) ұрпақтан-ұрпаққа қалатындай меншігіне алған. Сосын, Дулат-әмірліктерін құрған.» Дулаттың әмір болуы – олардың тегінде төрелермен ағайындық жақындығын көрсетеді. Дулаттардың қарамағында ұлы жүздің өзге руларының да болғаны, айтпаса да түсінікті болар! Олай болса, Ұлы жүз қазақтарының көпшілік рулары – Шыңғысханға ең жақын «нирундар» болып шығады.Өзбек Ордасынан шыққан соң-ақ, Керей мен Жәнібек туының астына 20 мыңға жуық қазақы жауынгер жиналған екен. Ол кезде 20 мың қазақы әскер дегенің кез-келген елді абыржытатындай елеулі күш еді. Сондықтан олармен одақтасқысы келіп, Шағатай ұрпағының Есенбұқа деген ханы (яғни Моғолстан ханы) Шу өзені маңайын «тарту етеді». Шындығына келсек, бір жыл бұрын ғана, Шу маңын жоңғарлар басып алып, қосын тіккен мекен бос жатқан! «Өзбек-қазақ» қолы келе жатқасын, жоңғарлар мол олжасын алып тайып тұрғандықтан, ол жерлер бос жатқан еді[6].«Өзбек-қазақ» қолының Моғолстанға шабуылдау қаупі де бар еді. Осы себепті, Есенбұқа-хан «өзбек-қазақ» қолымен татуласу үшін жер берген. Бұл кезде, Мәуеренахрдағы Әмір-Темір әулеті Моғолстанға қарсы соғыста, Шағатай нәсілінен Жүніс-ханды Ираннан алдырып, жаңа соғысты бастаған. Есенбұқа-хан Керей-Жәнібекпен татуласу келісімінде, оларды Жүніс-ханға қарсы одақтасы, әрі Шу бойындағы тосқауылы ретінде пайдалануды көздейді. Одақтас ету үшін, Есенбұқа-хан, жерге қоса, өз қарамағындағы Үйсін-Дулат тайпаларын да «тарту етеді»... Шындығында, Есенбұқа-хан оларды басқара да алмай келген. Дулаттар, сонау Шағатай заманынан бері (Өртөбе, сосын Полатшы атты дулат аталары) «тархан» атанып, «Маңлай сүбе» аймағын иеленіп, яғни Қашқариядан бастап, Жетісу, Шаш, Ферғанаға дейінгі аймақтарда әмірлік, яки бектік билігін жүргізіп тұрған. Моғолстанның талай хандары Дулат бектерінің қолдауымен ғана таққа отырған. Есенбұқа болса, Дулат(Үйсін) руларын «қазақтарға беру» арқылы қауіпті бәсекелесінен құтылғысы да келген болар. Шуға келген Керей-Жәнібек қолы, басында кілең ерлерден құралған, таза әскери қосын еді. Сосын оларға «Дулат тайпасы» (ішінде бүкіл Ұлы жүз рулары бар) қосылған кезінде, олар мал-жанымен, қатын-балаларымен бірге келеді. «Дулаттарға» еліктеп, Керей-Жәнібек қолының ерлері де, Әбілқайыр-Өзбек Ұлысында қалған мал-жандарын біртіндеп көшіріп ала бастайды[5].
Шағатай ұлысындағы рулар ішінде Дулу немесе Дулаттардың басты маңыз атқарғанын Қазақ ССР тарихының авторлары да айтады. Мұхаммед Хайдардың мәлімдеуінше, дулаттар XIV ғасырда Моғолстан құрамына еніп, қуатты рулардың бірі болған. Дулаттардың Шағатай мемлекетінде үлкен саяси салмағы болды. XIV ғасырдың ортасында Шығыс Шағатай Батыстан (Самарқанд) бөлініп шығып, Маңлай Сүбе деген өз алдына мемлекетке айналды, оны дулаттар биледі. Маңлай Сүбе сөз тіркесі (қайнаған оқиғаларға қарсы бетпе-бет алдыңғы сапта жүруші дегенді білдіреді) мағынасы жағынан бесене (бечене) сөзімен ұқсас болып келеді (аудармасы маңдай, маңдайлық, өзгелердің алдында жүретін маңдайалды тайпа). Осы сөздер қазақ тілінде маңдай мағынасында сақталған. XVI ғасырдың екінші жартысында дулаттар тайпасы Қазақ хандығының құрамына енді[8].
Бұл мәліметтердің бәрі
дулаттардың Қазақстанның оңтүстігін мекендеп, XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың
басында қазақ халқының құрамына енгенін дәлелдейді. XVII ғасырда жоңғарлар
дулаттарды Іле бойынан Шу, Талас пен Келес өзендерінің аңғарына қарай
ығыстырды. XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында Дулат руының көпшілігі
оңтүстікте топтасты, тіпті Дулаттың Жаныс атасынан шыққан Ұлы жүздің төбе биі
Төле би Ташкент төңірегінде тұрды[4]. Ұлы жүз қазақтары XVIII ғасырдың бірінші жартысында ұлт-азаттық күрес жүргізе отырып, Жоңғария мүлде құлағанша бірте-бірте өзінің бұрынғы қонысына оралды, дулаттар көпшілігінің Ташкент төңірегінен біржолата ауысуы қалалықтар кауымдастығы мен қазақтың Қаңлы мен Шанышқылы руларының 1798 жылғы қақтығысы себеп болды. Бұл соғыста қалалықтар қауымдастығы жеңіп, дулаттар Ташкенттен жырақ солтүстік-шығысқа қарай жылысты. Сөйтіп, XIX ғасырдың басында Дулат руының көптеген аталары Шымкенттен бастап, Жетісу бойына, дәлірек айтқанда, Алмалық (кейінірек Верный, қазір Алматы қаласы) қалашығына дейін қоныстанды[7].
XIX ғасырда Ұлы жүз рулары көп сапырылысқан жоқ, әсіресе, Қазақстанның бүкіл жері Ресейге қосылғаннан кейін қазақ халқы рулары өздері қоныстанған өлкелерде тұрақтала бастады. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Макшеев пен Гродековтың мәліметі бойынша, Дулаттардың көптеген рулары 40 мың шаңыраққа жетіп, негізінен Сырдария уәлаятының Шымкент, Әулиеата уездерінде, Жетісу уәлаятының Верный мен Пішпек уездерінде қоныс тепті. М. Тынышбаевтың көрсетуінше, 1917 жылы бұл төрт уезде: Шымкентте 140 мың, Әулиеатада 140 мың, Верныйда 100 мың және Пішпекте 80 мың, бәрі 460 мың жан дулаттар тұрған[10]. Бізге мәлім күллі тарихи, әдеби және қолдағы деректерге сәйкес дулаттардың жауынгерлік ұраны «Бақтияр» да, таңбасы дөңгелек – О. Дулаттардың этникалық, яғни аталық құрамы біз көрсеткен әдеби деректерде, әсіресе, оның жоғарғы деңгейі ірі төрт ата: Ботбай, Шымыр, Сиқым, Жаныс дәл келтіріледі. Бұл рулар бойынша әдеби деректерде түп-тұқияны мүмкіндігінше толық қамтылады, оның ішінде Н. Аристов, М. Тынышбаев пен В. Востровтың мәліметтерін дұрыс әрі толық деп санауға болады[2].
Дулат тайпасынан шыққан белгілі тарихшы, мемлекет қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулати жан-жақты, терең білімді адам болған. Өз заманының саяси оқығандары мен қайраткерлері жайында және Қазақстан, Орта Азия мен Моғолстанның өткен тарихын, әсіресе Дулат тайпасының тарихын жақсы біліп, оны өз шығармаларында білгірлікпен баян етті. Өзінің «Тарих-и-Рашиди» атты басты тарихи еңбегін 1541-1546 жылдар арасында Кашмирде жазды. Мұнда ол Дулаттар мен Моғолдардың өткені жайлы әңгімелер мен аңыздарды, Моғол хандарының сарайларында сақталған ресми құжаттар мен болған оқиғаларды көзімен көрген куәлардың айтуымен өз көргендерін салыстыра қорыту негізінде парсы тілінде жазды.
ДулаттарІле өзенінен бастап, Шу, Талас, Сырдың ортаңғы ағысына дейінгі жерлерді
жайлаған. Қазақ шежіресі бойынша, Дулат – Ұлы жүз құрамына кіретін ірі тайпалардың бірі. Н.А.Аристовтың Ботбайдан шыққан Диқанбай батырдан (1876 ж. ө.) жазып алған шежіресі бойынша, үйсін Бәйдібектің үшінші әйелі Домалақ анадан (Нұрилә) Жарықшақ туады. Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат болып тарайды. Дулаттан Ботбай, Шымыр, Сиқым, Жаныс тараған[3]. 1849 ж. Іле мен Қаратал аралығын, Балқаш көлінің жағалауын қоныстанған 59 мың Ұлы Жүз қазақтары Ресейдің қол астына өтті. 19 ғасырдың 60-жылдарында Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталды. Ұлы жүздің қазақтары Ресейге толық қарағаннан кейін Түркістан генерал-губернаторлығына бағынды да, Сырдария облысы мен Жетісу облысын мекендеді. Бұл облыстардың шекарасы Құрағаты, Шу өзендерінің бойымен өтті. Ұлы жүздің Жетісу облысы 1882 жылы Ақмола, Семей облыстарымен бірге жаңадан ұйымдасқан Дала генерал-губернаторлығының құрамына кірді. Ұлы жүз тайпалары туралы деректер Қазан төңкерісіне дейінгі ресейлік П.И. Рычков, А.Левшин, Н.А.Аристов, В.В. Бартольд сынды зерттеушілердің шығармаларында кездеседі. Сондай-ақ М.Тынышбаев, т.б. қазақ ғалымдарының еңбектерінде Ұлы Жүз ру-тайпаларының саны, т.с.с. мәселелері көтеріледі. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Ұлы Жүз қазақтары, негізінен Жетісу облысының Қапал, Жаркент және Верный уездерімен Сырдария облысының Әулие-Ата, Шымкент және Ташкент уездерін мекендеді[10]. 20 ғасырдың 1-жартысында болған ұлт-азаттық көтерілістерге, Азамат соғысына, ашаршылық жылдарындағы жағдайларға тап болған Ұлы Жүз қазақтары едәуір шығынға ұшырап, біраз бөлігі көршілес елдерге көшуге мәжбүр болды. Қазіргі таңда Ұлы Жүз ру-тайпаларының өкілдері тек қазақ халқы ретінде ғана танымал.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Аристов Н.А., Заметки об этниеском составе тюркских племен и народности, «Живая старина» вып. ІІІ, СПБ.
2.Шежіре: қазақтың ру тайпалық құрылымы. А. 1991
3. «Бәйдібек баба-алып бәйтерек». Ұрпақтар шежіресі. «Өнер» баспасы.2004
4. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы.
5. Қазақстан тарихы. Этникалық зерттеулер.-Алаш, 2010ж
6. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. (Хақ жолындағылар тарихы). – Алматы, 2003. -616 б.
7. Әлкей Марғұлан «Тамғалы тас жазуы» 204-284 бетте.// Қазақ тарихынан. Құрастырған Елден Аққошқаров, Алматы: «Жалын» баспасы, 1997ж.
8. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. (Хақ жолындағылар тарихы). – Алматы, 2015. -6-8 б.
9. Ә.Марғұлан. «Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы». – Алматы, 2015, 57-59б.
10. М.Тынышпаев. История Казахского народа. 178 б. Алматы,1993.
11. Рашид ад-Дин «Джами ат-тауарих» ( Летопись истории) Москва-Ленинград. «АН СССР», 1939, 1941, 1942-52 .
12. А.Н.Бернштам. Избранные труды…1997. Т.І.
13. Катанов Н.Ф. Восточная
библиография // Деятель (журнал). 1896–1904.